Жаңалықтар
Бастапқы бет / Жаңалықтар / Атырауда кадрлық өзгерістер болды

Атырауда кадрлық өзгерістер болды

Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен жергілікті атқарушы органдар атқарып жатқан сан-салалы шараларды халыққа толыққанды жетуін қамтамасыз ету мақсатында Атырау облысы әкімі аппаратының жанынан құрылған «Өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің директоры болып Ерболат Тілекқабылұлы Қаменов тағайындалды. Ал, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры лауазымын енді Баязи Мәдешұлы Әбдешев атқаратын болса, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы қызметіне Әсия Баянқызы Қыстаубаева кірісті.

Кеше облыс активінде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жаңа лауазым иелерін таныстырды.

— Біздің атқарған істеріміздің барлығын халық білуі керек. Оған жағдай жасау мақсатында соңғы жылдары облыс, қала, аудандар әкімдері, аймақ басшысының орынбасарлары, басқарма басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арқылы есептерін беріп, тұрғындардың өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алуынаа мүмкіндік жасалуда.

Ерболат Тілекқабылұлы – жоғары біліктілігі бар кәсіби маман. Алматы, Астана қалаларында тәжірибе жинақтап, соңғы жылдары «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры ретінде өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Ендігі міндет – мемлекеттік қызмет саласының, соның ішінде басқарма, мекеме басшыларының атқарып жатқан жұмыстарын бұқараға жеткізу. Алға қойылған тапсырмаларды ойдағыдай орындайтынына сенімдіміз.

Баязи Әбдешев бұған дейін облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы қызметінде жауапкершілікті жете сезініп, өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай атқарды. Екі облыстық және жеті аудандық газеттер арқылы мемлекеттік-ақпараттық саясатты жүргізуге сіздің біліміңіз, кәсіби біліктілігіңіз, өмірлік тәжірибеңіз жеткілікті.

Әсия Баянқызы еңбек өтілінің көп бөлігін мемлекеттік қызмет саласында өткізген. 2012 жылдан бүгінгі күнге дейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарып келді. Әр тапсырманы сапалы, уақытылы орындап жүр. Жаңа қызметтеріңіз құтты болсын! — деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Ал, жаңадан қызметке тағайындалған басшылар өздеріне білдірілген сенімге алғысын айтып, жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқаратындарын мәлімдеді.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев «Атырау-Ақпарат» ЖШС ұжымына жаңа басшыны таныстырды.

– Осыдан бір жылдан сәл астам уақыт бұрын басталған бірлескен жұмысымызды бүгін сол құрамда түйіндеп отырғанымызды ерекше атап өткім келеді. Осы жылдың ішінде өздеріңізбен қанаттасып, иықтасып, ақылдасып, қажетті деңгейде қызмет еттік деп ойлаймын. Осы уақытты жақсы, жарқын өткізуге атсалысқандарыңыз үшін алғыс білдіремін, — деді Ерболат Тілекқабылұлы.

Ұжым атынан сөз алған директордың кеңесшісі Өтеген Нәукеев пен облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов жаңа қызметке тағайындалған Е,Қаменовтың шебер ұйымдастырушы, іскер басшы екенін атап айтты. Сонымен қатар, серіктестіктің жаңа басшысының қызметіне сәттілік тіледі.

— Облыс басшысы осы маңызды да, жауапты салада қызмет атқаруға үлкен сенім білдірді. «Атырау-Ақпарат» ЖШС – бұрыннан қалыптасқан ұжым. Алдағы уақытта да облыстағы жаңалықтарды халыққа сапалы, айқын, жедел түрде көрсетуге бірігіп жұмыстанамыз, — деді серіктестіктің директоры Баязи Мәдешұлы.